Қазақстанда пәтер мен жер сату тәртібі өзгерді
Бүгіннен бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлікті сату, сыйға тарту немесе кепілге қою кезінде келісімді тек нысан орналасқан жердегі нотариус куәландырады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бұған дейін меншік иесі өзіне ыңғайлы кез келген нотариусқа жүгіне алатын. Енді пәтер Алматыда болса, мәмілені Алматыдағы, ал үй Шымкентте орналасса, Шымкенттегі нотариус рәсімдеуі керек.
Бұл талап «Нотариат туралы» заңның 54-бабына енгізілген өзгерістермен бекітілді. Нотариус қызметінің аумағы облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана шегіндегі нотариаттық округпен айқындалады. Сондықтан басқа өңірде тұратын меншік иесі мәмілені өзі рәсімдеу үшін нысан орналасқан қалаға баруы немесе сенімхат рәсімдеп, оны электронды құжатқа теңестіруі қажет. Бұл рәсімдер үшін қосымша нотариаттық төлем қарастырылған.
Жаңа талап бойынша мәміле жасамас бұрын сатушы нотариустың нысан орналасқан аумақта жұмыс істейтінін алдын ала тексеруі керек. Ал басқа қалаға бара алмайтын жағдайда сенімхатты алдын ала рәсімдеп, оның электронды нұсқасын дайындауға байланысты шығындарды да ескерген жөн.