Қазақстан жаңалықтары28 тамыз 2024, 7:48

Қазір атом электр стансасына балама жоқ - министр

Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ел экономикасының тұрақты өсуі электр энергиясына сұраныстың артуымен қатар жүретінін атап өтті. Сондықтан министр өнеркәсіп, металлургия, көлік, IT, фармацевтика, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және басқа да секторларда жаңа жобаларды іске асыру үшін қазірдің өзінде электр энергиясының едәуір көлемі қажет екенін баяндады. «Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын құруға, экономикалық өсуді ынталандыруға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Алайда олардың дамуы елдегі энергия қуатының жетіспеушілігімен шектелуде. Егер жаңа тұрақты энергия көздерін – жаңартылатын, реттеуші және базалық қуаттарды салу бойынша шұғыл шаралар қабылданбаса, жағдай күрделене түсуі мүмкін», деді Алмасадам Сәтқалиев, - деп хабарлайды Arbat.media.

Энергетика министрлігінің болжамы бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 152,4 млрд кВт/сағ дейін өседі. Бұл ретте бірқатар объективті себеп бойынша қолданыстағы энергия көздерін өндіру 135 млрд кВт/сағ-қа дейін төмендейді.

Таяудағы 10 жылда Қазақстанға жиынтық қуаты 26,5 ГВт жаңа өндіруші қуаттарды енгізу қажет. Үкімет отырысында әлем қазір көміртегі бейтараптығына бет бұрып жатқаны айтылды.

«Еліміздегі газ ресурстарының шектеулі болуына байланысты газ генерациясын ауқымды енгізуді жүзеге асыру мүмкін емес. Өз кезегінде, жаңартылатын энергия көздері табиғи-климаттық жағдайларға тәуелділігіне байланысты электр энергиясын өндірудің сенімді базалық көзі бола алмайды. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, атом электр стансасын салу – шығатын қуаттарды ауыстыру және Қазақстанның энергияға тәуелділігін қамтамасыз ету үшін жалғыз дұрыс шешім. Қазіргі кезеңде атом электр станциясына балама жоқ», деді Алмасадам Сәтқалиев.

Алмасадам Сәтқалиев АЭС балама

Тақырыпқа жаңалықтар