Ринат Зайыт Қорғаныс министрлігінде жаңа қызметке келді
Айтыскер ақын әрі бұрынғы Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Ол жаңа қызметіне қазан айының басында, Маңғыстауда 14 сарбаздың қаза табуынан кейін кіріскен. Бұл туралы Ринат Зайыт Adal ADAM YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.
«Осы қазан айының басында жаңа Қорғаныс министрінің шақыртуымен Қорғаныс министрлігіне қарасты Ұлттық әскери-патриоттық орталыққа келдім. Бұл орталыққа әскери ансамбль, оркестр, патриоттық және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстары кіреді. Жалпы, әскердегі және әскерге дейінгі жастардың патриоттық санасын, Отанға деген сүйіспеншілігін арттырумен айналысады. Мен өзім жаңа өзгерістерге қатысқанды жақсы көретін адаммын. Сондықтан бұл қызметке қуана-қуана келдім», - деді ол.