Щучинск маңында болған жол апатынан бір отбасы қаза тапты

Ақмола облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тауып, тағы бес адам жарақат алды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Қайғылы оқиға 3 тамыз күні сағат 18:30 шамасында Астана – Петропавл тасжолының 243-шақырымында, Щучинск маңында болған. Hyundai Elantra мен ВАЗ-2107 көліктері соқтығысқан. Апат салдарынан ВАЗ-2107 көлігінде отырған бір отбасының үш мүшесі қаза тапты.

Алдын ала мәлімет бойынша, Hyundai Elantra көлігі Астана бағытында келе жатып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Сол сәтте Көкшетау бағытына бет алған ВАЗ-2107 көлігімен соқтығысқан.

"ВАЗ-2107 автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында алған жарақаттарынан көз жұмды. Ал Hyundai Elantra көлігінің жүргізушісі мен төрт жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді", – деп хабарлады Ақмола облыстық Полиция департаменті.

Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесіне сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Полиция қызметкерлері жылдамдықты арттыру – бұл жай ғана заң бұзушылық емес, адамдардың өміріне қауіп төндіретін қылмыс екенін ескертеді.

Апат Жол апаты Қаза Отбасы

Тақырыпқа жаңалықтар