Ski Patrol Shymbulak қызметкерлері райдерді қар көшкінінен құтқарды

Shymbulak тау курортының Ski Patrol қызметкерлері Шымбұлақ өзені маңында қар көшкіні астында қалған фрирайдерді құтқарды.

Оқиға 14 ақпанда болған. Екі фрирайдер ескерту белгілерін елемей, дайындалған жолдардан тыс жерде сырғанауға шыққан. Бір сәтте қар көшкіні жүріп, олардың бірі қалың қар астында қалып, шыға алмай қалған.

Құтқарушылардың айтуынша, сол күні курорт аумағында қар көшкінінің алдын алу мақсатында жасанды жолмен қар түсіру жұмыстары жүргізілген. Алайда курорттан тыс кейбір учаскелерде тұрақсыз қар қабаттары сақталған.

«Қонақтардың басым бөлігі дайындалған трассаларда сырғанап, ережелерді сақтайды. Дегенмен көшкін қаупі жоғары кезеңде белгіленген аймақтардан тысқа шығу қар көшкіні жүру ықтималдығын арттырады. Сондықтан барынша қауіпсіз жағдай жасау мақсатында бірқатар трассаларда сырғанауды уақытша шектедік», — деді шаңғы патрулі және көшкін қауіпсіздігі қызметінің жетекшісі Виктор Львов.

Курорт аумағынан тыс жерде көшкін астында қалған райдер туралы ақпаратты зардап шеккен адамның серігі хабарлаған. Ол оқиға жөнінде дереу арқанжол операторына жеткізген. Мәлімет бірден курорттың Жедел басқару орталығына түскен. Құтқарушылар бекітілген регламентке сәйкес жедел әрекет еткен.

«Әріптесім Павел Майоров екеуміз оқиға орнына жеткенде зардап шеккен адам көрінбеді. Көшкін шатқалға қарай жүрген, ал біз “Поле чудес” трассасынан жоғары тұрдық. Сәлден соң қардың астынан адам қолының саусақтары әрең байқалып тұрғанын көрдік», — деп еске алады құтқарушы Александр Слободенюк (суретте).

Құтқару операциясы барысында қар көшкінінің қайта жүру қаупі сақталды. Шаңғы патрулі және көшкін қауіпсіздігі қызметінің жетекшісі Виктор Львов топтың іс-қимылын бақылап, жағдайды қадағалап отырды.

«Қар көшкінінің қайта жүру ықтималдығы бар еді, бұл, әрине, алаңдаушылық туғызды. Дегенмен әрқайсымыздың құтқару қызметінде он жылдан астам тәжірибеміз және арнайы даярлығымыз бар. Қызмет басшысы Виктор Львовтың бізбен бірге болып, жоғарыдан бүкіл үдерісті бақылап тұрғаны сенім ұялатты — бұл біздің жұмысымыздың бір бөлігі. Физикалық тұрғыдан оңай болған жоқ. Алайда адам өмірі таразыға түскен сәтте шаршау мен қорқыныш кейінге ысырылады — біз өз кәсіби міндетімізді атқарамыз», — дейді құтқарушы Павел Майоров (суретте).

Құтқарушылар райдердің тірі екенін білді. Қар көшкіні жүрген сәтте ол құлаққапта болған және серігінің қоңырауына жауап бере алған. Алайда уақыт бәрібір тым шектеулі еді.

«Мұндай жағдайда ең алдымен тыныс жолдарын мүмкіндігінше тезірек ашу қажет: зардап шегушінің алдымен басын, кейін кеуде тұсы мен денесін қардан босату керек. Әр минут шешуші рөл атқарады», — дейді құтқарушылар.

Зардап шеккен адам 15 жылдық тәжірибесі бар райдер Денис Бабков болып шықты. Ол сол күні қауіп-қатерді жете бағаламай, ескертулерге мән бермегенін мойындайды.

«Бүгін мен үшін екінші туған күн. Он бес жыл бойы сырғанап жүріп, “ештеңе болмайды” деп ойладым. Байқамай трассадан шығып кетіп, жаңа жауған қалың қарға батып кеттім. Шаңғымды ағытып, орнымнан көтеріле бергенімде, үстімнен көшкін жүрді. Адамдарды көріп тұрасың, бірақ бір сәтте қозғала да, дем ала да алмай қаласың. Бұл — өмір мен өлімнің арасындағы санаулы секундтар. Құтқарушыларды құшақтап, еріксіз жыладым. Бар шынайы ризашылығымды құтқару қызметіне білдіремін», — дейді Денис Бабков.

Құтқарушылардың айтуынша, фрирайдерлер жиі жіберетін қателік — ескерту белгілерін елемеу және көшкінге қарсы жабдықтың болмауы.

«Қар зонды, күрек және басқа да арнайы құралдарды алып жүру жеткіліксіз — оларды дұрыс қолдана білу қажет. Ал бұл жағдайда қорғаныс құралдары мүлде болған жоқ», — деп атап өтті Ski Patrol қызметкерлері.

Мамандардың сөзінше, осындай оқиғалар тауға шыққанда арнайы дайындықтың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Курорт базасында Shymbulak Outdoor бөлімінің білім беру жобасы жүзеге асырылады. Жоба аясында тауда қауіпсіз жүріп-тұруға арналған тегін, баршаға ашық практикалық сабақтар мен оқыту сессиялары өткізіледі. Алдағы іс-шаралар туралы өзекті ақпаратты Shymbulak Outdoor жобасының әлеуметтік желілердегі парақшаларынан білуге болады.

Ski Patrol Shymbulak райдер қызметкер Құтқару

Тақырыпқа жаңалықтар