Су саласындағы проблеманы шешуге ірі қаржы институттары тартылады
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Kazinform
Қазақстан жаңалықтары30 қыркүйек 2024, 15:40

Су саласындағы проблеманы шешуге ірі қаржы институттары тартылады

Қазақстанда су секторын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесі құрылды. Оған Су ресурстары және ирригация министрлігінің, БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) мен халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, донорлық қауымдастықтардың және басқа да бірқатар құрылым өкілдері кіреді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Кеңес министрліктің, халықаралық ұйымдардың және донорлық қауымдастықтың күш-жігерін үйлестіре отырып, елдегі ұзақ мерзімді экологиялық тұрақтылық пен экономикалық дамуды ілгерілетуде маңызды рөл атқарады, - деп жазады Kazinform агенттігі. 

Үйлестіру кеңесі ресурстарды жұмылдыруға, басқаруды нығайтуға, өңірлік ынтымақтастықты кеңейтуге және су ресурстарын басқаруда тұрақты тәжірибелерді ілгерілетуге ықпал ететін болады.

«Бір жыл бұрын бұл салада жаңа министрлік құрылды. Осы уақыт ішінде негізгі үш бағытта жұмыстарды атқардық. Біріншіден, жаңа құқықтық базаны қалыптастыруға екпін қойылды. Парламент Мәжілісінде Су кодексінің жобасы қаралып жатыр және жылдың аяғына дейін осы құжат қабылдануы мүмкін. Сонымен қатар, су ресурстары бағытында 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы бекіттік. Атап айтқанда, саладағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін бүгін елордада Су секторын дамыту бойынша серіктестердің үйлестіру кеңесінің бірінші отырысын ұйымдастырдық», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Үйлестіру кеңесінің негізгі міндеттеріне тоқталсақ, ұлттық басымдықтарға сәйкес, мемлекеттік органдардың, БҰҰДБ, халықаралық қаржы ұйымдары мен донорлық қоғамдастықтың келісілген іс-қимылын қамтамасыз ету ескерілген. Кеңес алға қойылған мақсаттарға жету үшін қаржы әрі техникалық ресурстарды жұмылдырумен және тиімді бөлумен айналысады. Су ресурстарын басқару саласында озық халықаралық тәжірибе мен инновациялық шешімдерді енгізу қарастырылып отыр. Кеңес аясында суды басқару саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту қамтылған.

«Су саласында елімізде бар проблемаларды шешуге әрі қаржыландыруға халықаралық қаржы институттары мен ірі компанияларды шақырып жатырмыз. Бүгінгі бірінші отырыстың қорытындысы бойынша хатшылық құрылып, арнайы ереже қабылданады. Осы орайда жылына екі рет бұл отырысты өткіземіз. Кейінгі 5-6 жылдың ішінде Еуропа қайта құру және даму банкімен, Дүниежүзілік банкпен және Ислам даму банкімен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Қазір осы үш қаржы институты су саласындағы жобаларды қаржыландырып жатыр. Келер жылы жобалар аяқталады. Дүниежүзілік банкпен Аралды қалпына келтіру жобасының екінші кезеңін бастамақпыз. Бұл бағытта тиісті құжаттар дайындалып отыр. Одан бөлек, Ислам даму банкімен ірі жобаны жүзеге асырмақпыз. Қазан айында негізгі келісімшартқа қол қоямыз», - деді министр.

Су саласы Проблема инвестор тарту

Тақырыпқа жаңалықтар