Тоқаев неге Таяу Шығыстағы қақтығыс кезінде Иран президентімен сөйлеспеді?

Журналистер Тоқаевтың Шығанақтағы бірқатар мемлекет басшысына телефон арқылы қолдау білдіргенін, бірақ Иран президентімен сөйлеспегенін еске салды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Мемлекет басшысы жауап беру кезінде Қазақстан мен Ирандағы сияқты ешбір елде қос билік болмауы тиіс екенін айтты.

“Расында, Шығанақтағы араб елдерінің басшыларымен телефон арқылы сөйлестім, тілектес екенімді жеткіздім. Ал Иран Президенті Масуд Пезешкианның жақында елімізге ресми сапармен келгенін білесіздер. Сол кезде жақсы әсер қалдырды. Ол – зайырлы көзқарастағы адам, өзі кардиохирург. Мен оның Иран Шығанақ елдеріне шабуыл жасамайды деген мәлімдемесін құптадым. Тіпті, ол Иранның атынан кешірім сұрады. Алайда кейін оның мәлімдемесі жоққа шығарылды. Иран араб елдеріне шабуыл жасауды әлі тоқтатқан жоқ.

Бұдан Иран Президентінің билікке толық ие емес екені көрінеді. Ол анық. Мен ешкімді айыптамаймын, жай ғана факті ретінде айтып отырмын. Бір жағынан діни билік үстемдік етеді. Президент те бар, бірақ ол – формальды мемлекет басшысы, іс жүзінде ықпалды тұлға саналмайды. Жалпы, кез келген елде, соның ішінде Қазақстанда қос билік болмауға тиіс. Кезінде мұндай жүйені біз де бастан өткердік, бірақ баянсыз болды. Төрт жыл бұрын еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төнді. Бұл Қазақстанға да, басқа мемлекеттерге де үлкен сабақ болды деп ойлаймын. Біз Иран халқына, оның мәдениеті мен тарихына құрметпен қараймыз. Сондықтан өз ұстанымымыздан айныған жоқпыз, әрдайым бейбітсүйгіш ел болып қала береміз”, - деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев Президент Иран Қазақ

Тақырыпқа жаңалықтар