Тоқаев Қырғыз президентіне құттықтау жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Arbat.Media.

Президент Қырғызстанның 2027-2028 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын жоғары бағалап, бұл жетістікпен Садыр Жапаровты және барша қырғыз халқын құттықтады.

Мемлекет басшысының айтуынша, аталған оқиға тек Қырғызстан үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия өңірі үшін де тарихи маңызға ие.

– Бұл айтулы оқиға Қырғызстан және тұтас Орталық Азия елдері үшін тарихи мәнге ие. Қырғыз Республикасы Президентінің басшылығымен жүргізіліп отырған жасампаз әрі сындарлы саясаттың нәтижесінде Қырғызстанның халықаралық аренадағы беделі жоғары деңгейде танылды. Қазақстан Қырғыз Республикасының кандидатурасын дәйекті түрде қуаттады әрі осы жауапты миссияны атқаруда алдағы уақытта жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Қырғызстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысына табыс тілеймін! – деп жазылған жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.

Айта кетейік, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелері екі жыл мерзімге сайланады. Бұл орган халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мәселелерін қарайтын Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі құрылымдарының бірі болып саналады.

Тоқаев Жапаров Құттықтау Президент

Тақырыпқа жаңалықтар