Түркістан облысында көпқабатты үйде болған жарылыстан бір келіншек көз жұмды
Түркістан облысында көпқабатты үйдегі жарылыстан ауыр жарақат алған келіншек есін жимастан ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Шәуілдір ауылында газға қосылғаннан кейін бір сағат өтпей, көпқабатты үйде жарылыс болған. Мемлекеттік қызметкерлерге берілген 12 пәтерлік үйде сол сәтте жеті адам болыпты. Екінші қабаттан шыққан жарылыстың күшті болғаны сондай, сол пәтерде тұрып жатқан Әсел Әмірханды сыртқа лақтырып жіберген.
Денесінің 90 пайызын күйік шалып, омыртқасы мен аяқ-қолы бірнеше жерден сынған келіншек жансақтау бөліміне жатқызылған.
Телеарна мәліметінше, апаттан соң жеткен жергілікті билік өкілдері жарылысқа жәбірленушілердің өздері кінәлі екенін мәлімдеген. Дегенмен оқыс оқиғаның мән-жайы әлі анықталып жатыр. Ал дәрігер болып қызмет еткен 30 жастағы марқұмның артында екі баласы қалды.