Ұлттық банк қазақстандықтарға ескерту жасады

Қазақстан Ұлттық Банкі банк картаны бұғаттайтын телефон-алаяқтардың жиілеп кеткенін ескертті, деп хабарлайды Arbat.Media.

Алаяқтар ашық дереккөздерден адамдардың жеке деректерін алып қаржы ұйымдарының байланыс орталығына «құрбаны» атынан жүгінеді. Олар банк қызметкеріне банк картасының жоғалғанын айтады. Жалған хабардың нәтижесінде жәбірленушінің төлем картасы бұғатталады.

Кейін алаяқтар азаматтардың өзіне банктің немесе құқық қорғау органының қауіпсіздік қызметі өкілі ретінде хабарласады. Сөйтіп «картаны бұғаттан шығарамыз» деп SMS-код, интернет-банкингке арналған пароль, болмаса, CVV/CVC-код секілді деректерді алуға тырысады.

Ұлттық банк төлем картасы бұғатталған жағдайда банктің ресми колл-орталығына хабарласу керегін ескертті.

«Есіңізде болсын, қаржы ұйымдарының қызметкерлері SMS-хабарламада көрсетілген пароль мен кодты ешқашан сұрамайды және мобильді құрылғыны қашықтан басқаратын қосымшаларды орнатуды талап етпейді», деп хабарлады Ұлттық банк.

Ұлттық банк ескерту алаяқ құрбан

Тақырыпқа жаңалықтар