Жетісу облысында әйел мысықты кір жуғыш машинаға салған

Әлеуметтік желілерде кір жуғыш машинаның ішінде отырған мысықтың бейнесі тарады. Желі қолданушылары оқиғаның мән-жайын тексеруді талап етті. Жетісу облысы ПД әйелді тапты, деп хабарлайды Arbat.Media.

Бейнеде мысық кір жуғыш машинаның барабанында отырғаны көрінген. Машина қосулы, жуу режимі жүріп жатыр. Бейнежазбада жануардың ішінде қанша уақыт болғаны және жағдайдың немен аяқталғаны нақты түсініксіз.

ПД баспасөз қызметі мәліметінше, бейне тарағаннан кейін жануарларға қатыгездік көрсету дерегі бойынша тексеру басталған.

«Бейнематериал жарияланған сәттен бастап полиция қызметкерлері жануарларға қатыгездік көрсету дерегі бойынша тексеру жұмыстарын жүргізе бастады. Бейнежазба авторы бұл әрекеттің «әзіл» түрінде болғанын түсіндірді», — деп хабарлады полицейлер.

Әйелдің айтуынша, кір жуғыш машинаның барабаны су құйылмай небәрі бір рет айналып, содан кейін жануар бірден шығарылған. Кейін мысық ветеринар дәрігердің тексеруінен өткен. Маманның қорытындысына сәйкес, қазіргі уақытта жануардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ екен.

Мысықтың иесі жауапкершілікке тартылды.

Мысық Жетісу облыс полиция

Тақырыпқа жаңалықтар