Жезқазған: «ҚазТрансГазАймақ» басшысы күдікке ілінді
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жезқазған филиалының басшысы мен бас маманы қала тұрғындары мен шаруашылық субъектілерінен 70-тен 300 мың теңгеге дейінгі мөлшердегі заңсыз ақшалай сыйақы бопсалаған, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі жария етті.
Олар бұл қаражатты газды қосу рұқсатын және техникалық шарттарды жедел алу үшін талап еткен.
Өңірдегі газдандыру саласындағы жүйелі проблемалар ҚМА Ұлытау облысы бойынша департаментінің әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуі нәтижесінде анықталды.
Облыс прокуратурасының үйлестіруімен өткізілген жедел іс-шаралардың нәтижесі бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді.
Аталған тұлғаларға қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды.
Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жариялауға жатпайды.
"ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі",-делінген хабарламада.