Зираты су басып, қабірлерді шайып кетті

Сарқан қаласында православ зиратын тағы да су басты, деп хабарлайды Arbat.media.

Аудан әкімдігі мәліметінше, бұған жергілікті тұрғындардың бірінің санитарлық арнаны өз бетінше жауып тастауы себеп болған.

Зираттағы жағдай түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Видеоны түсірген адам зираттың батпаққа айналғанын, тіпті биіктеу жерде орналасқан қабірлердің де су астында қалғанын айтады.

"Қанша су келген. Егін егетіндер арықтарды тазаламайды. Салдарынан қабірлерді су басқан. Су шайып кеткен", - дейді әйелдің дауысы.

Сарқан қаласының әкімдігі бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Әкімдік суды тоқтату бойынша шаралар қабылданғанын хабарлады.

"Әкімдік жедел әрекет етті, техника мен жұмысшылар тартылып, су тоқтатылды. 2024 жылы жерлеу орнын қорғау мақсатында санитарлық арна қазылған болатын. Алайда көктемде, православ мерекесі қарсаңында, Сарқан қаласының бір тұрғыны осы арнаны жауып тастаған. Соның салдарынан су өз арнасымен кетпей, зират маңында жинала бастаған. Осыған байланысты әкімдік тұрғындарға су өту жолын қалпына келтіру қажеттігін ресми түрде ескертті", – делінген әкімдік мәлімдемесінде.

Айта кетейік, былтыр маусымда да іргелес жатқан соя алқабын суару салдарынан зират су астында қалған еді. Сол кезде әкімдік фермердің жер телімі тәркіленетінін мәлімдеген болатын.

Қала Зират Су басты

Тақырыпқа жаңалықтар