Зорлық-зомбылық: Алматыда қылмыс саны 95%-ға азайған
Алматы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов мегаполисте отбасылық-тұрмыстық қатынас саласындағы қылмыс азайғанын айтты, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Осы жылдың алғашқы бес айында Алматыда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 23 қылмыс тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 95%-ға төмен және қабылданған шаралардың оң нәтижесін көрсетіп отыр», - деді Айтан Елеусізов.
Отбасы берекесін бұзған азаматтарға профилактикалық есепке қою, жеке-профилактикалық жұмыс жүргізу, алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеуге жіберу сынды профилактикалық шаралар жүргізілетін болды.
Жыл басынан бері профилактикалық есепке 3717 адам қойылған, оның ішінде 3279-ына қорғау ұйғарымы шығарылған және 438 адамның құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген.
Мамандандырылған емдеу-алдын алу мекемесіне 90 адам мәжбүрлеп емдеуге жіберілген.
Сенім телефоны бойынша 321 әйелге консультациялық көмек көрсетілсе, МТЖК инспекторлары консультативтік-құқықтық көмекке жүгінген 391 әйелді қабылдаған.