Әлем чемпионаты: Ауыр атлетикадан қоржынымызға үш медаль түсті
Перуде ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде үш спортшымыз жүлдеге ие болды. Қазақстан командасының өкілі Нұрдос Сабыр 89 келіге дейінгі салмақта үздік атанды. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 333 (148+185) келіні еңсерді. Ал, күміс медальді Валерик Мовсесян (Армения), қоланы Бекзод Гофиржанов иеленді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Былтырғы әлем біріншілігінде Нұрдос Сабыр екінші орынға тұрақтаған еді, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Қыздар арасында 76 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Аянат Жұмағали әлем чемпионы болды. Қоссайыс қорытындысы бойынша 222 келіні бағындырған Аянат қарсыластарынан әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетті.
Күміс медальді финляндиялық Мини Хормавирта (211 келі), қоланы үндістандық Санжана (210 келі) иеленді.
Қыздар арасында 81 келіде бақ сынаған Сәния Орманбаева екі сайыс қорытындысы бойынша 201 келіні еңсеріп, қола жүлдеге қол созды.
Бұған дейін Перудегі әлем чемпионатында Ақжол Құрманбек 67 келіге дейінгі салмақта күміс медаль жеңіп алған болатын.