СпортКеше, 18:14

Головкин басқаратын World Boxing боксшылардың жынысын тексеретін болды

Халықаралық World Boxing федерациясы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ер боксшылар үшін міндетті гендерлік тестілеу талабын ресми түрде енгізді, деп хабарлайды Arbat.Media 1bol.kz сайтына сілтеп.

Ұйымның ресми мәлімдемесіне сәйкес, жаңа талап World Boxing өткізетін немесе санкциялайтын барлық жарысқа қолданылады.

"2026 жылғы 1 қаңтардан бастап World Boxing жарыстарына қатысқысы келетін 18 жастан асқан барлық ер спортшы өмірінде бір рет қана өткізілетін ПЦР-тесттен (полимеразды тізбекті реакция) немесе соған теңестірілген медициналық-генетикалық тексеруден өтуге тиіс. Бұл тест спортшының туған кездегі жынысын анықтау және жарысқа қатысу құқығын растау үшін қажет", - делінген ұйым сайтында.

Айта кетейік, әйел боксшылар үшін міндетті гендерлік тестілеу 2025 жылғы тамызда Ливерпульде өткен әлем чемпионаты қарсаңында енгізілген болатын. Мұндай шешім 2024 жылғы Париж Олимпиадасында болған даулы жағдайлардан кейін қабылданды.

Атап айтқанда, алжирлік Иман Хелиф пен тайваньдық Линь Юйтинь жоғары тестостерон деңгейі мен жыныстық сәйкестік талаптарына қатысты айыптауларға іліккен еді.

Сонымен қатар биыл қарашада World Boxing президенті болып аңызға айналған қазақстандық боксшы Геннадий Головкин сайланғанын атап өткен жөн. Сарапшылар жаңа ережелер ұйым басшылығындағы реформалардың бір бөлігі екенін және бокста әділ бәсекені қамтамасыз етуге бағытталғанын айтуда.

Головкин спорт бокс жыныс

Тақырыпқа жаңалықтар