Головкин туған жерінде қоштасу жекпе-жегін өткізуді жоспарлап отыр
Головкин туған жерінде қоштасу жекпе-жегін өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Arbat.Media.
Геннадий Головкин 2022 жылғы 17 қыркүйекте Лас-Вегаста өткен кездесуде мексикалық Сауль «Канело» Альвареске қазылардың бірауызды шешімімен жеңілгеннен кейін рингке қайта шыққан жоқ.
43 жастағы Геннадий Головкин әлі ресми түрде спортпен қоштаспады.
Головкиннің рингке қайта оралуға деген ынтасы сөне қоймағаны белгілі болды. Бұл туралы GGG Азиаттық әуесқой бокс федерациясы (Asia Boxing) президентінің міндетін атқарушы Пичаи Чунхаваджираға айтқан.
«Asia Boxing ұйымының президенті Пичаи Чунхаваджирамен кездесу барысында Головкин тағы бір жекпе-жек өткізу мүмкіндігін қарастырып отырғанын — және оның туған жерінде болғанын қалайтынын айтты», - делінген хабарламада.
2024 жылдың 26 ақпанында Головкин Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің президенті болып сайланды, ал 2024 жылдың қыркүйегінде жаңа халықаралық бокс ұйымы — World Boxing федерациясының Олимпиадалық комиссиясының төрағасы атанды. Ол бокстың Олимпиада бағдарламасында қалуына үлкен үлес қосты.