Спорт6 наурыз 2024, 14:23

Қазақстандық тағы бір боксшы жеңіске жетті

Бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде тағы бір боксшымыз жеңісіне сенімді түрде қол жеткізді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Әлемдік лицензиялық турнирдің үшінші жарыс күні 63,5 келі салмақта ел намысын қорғаған боксшымыз Мұхаммедсабыр Базарбайұлының жарқын жеңісімен қорытындыланды.

Ол бүгін Тринидад және Тобаго елінің өкілі Доннел Филиппен жұдырықтасып, жекпе-жекті бірден қарқынды бастады. Тіпті, бірінші раундта-ақ қарсыласын қаймықтырып тастады. Үшінші раундта нокдаун тіркелді. Осылайша отандасымыз жеңісіне сенімді түрде қол жеткізді.

Жалпы бүгін шаршы алаңға ерлер арасында екі, әйелдер арасында бір боксшымыз шаршы алаңға шықты. Нәтижесінде барлығы қарсыластарын ұтып, ары қарай жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Атап айтсақ, әйелдер арасында 60 келі салмақта Римма Волосенко Италиядағы екінші айқасын өткізіп, тағы да жеңіске жетті. Ол бүгін венгриялық Петра Сабомен жұдырықтасып, қарсыласын үшінші раундта нокдаунға жіберіп 1/8 финалына шықты.

Ал 71 келі салмақтағы әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов бүгін алғашқы қарсыласы Финляндия боксшысы Сэм Мороватиді 2-раундта техникалық нокаутпен ұтып келесі айналымға өтті.

Енді Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны келесі айқасын 7 наурызда өткізеді.

 

Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Италия бокс жеңіс

Тақырыпқа жаңалықтар