Қырғыз қызы әлемнің ең үздік балуаны атанды
Әйелдер күресінен әлемнің үш дүркін чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Айсұлу Тыныбекова 2023 жылдың қорытындысы бойынша әлемнің ең үздік балуаны атанды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Біріккен күрес әлемі (UWW) таратқан мәлімет көздеріне сүйенсек, Тыныбекова биыл Азия және әлем чемпионатында топ жарды. Қырғыз спортына серпіліс әкелген спортшы күзде Сербияда өткен дүниежүзілік біріншілікте мансабындағы үшінші алтынына қол жеткізді. Айсұлу – Орталық Азия елдері арасында күрес түрлерінен үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы спортшы.
UWW тек әйелдер күресінен ғана емес, күрестің үш түрі бойынша 2023 жылдың үздік балуандарын анықтады. Ерлер арасында еркін күрестен әлемнің ең үздік балуаны болып Бахрейн атынан күресіп жүрген Дағыстан елінің тумасы Ахмед Тажудинов үздік атанды. Ол биыл әлем чемпионы болған. Ал грек-рим күресінен 2023 жылдың үздік балуаны атағы кубалық Луис Санческе бұйырды.