Отандық жылқы өсірушілер тығырыққа тіреліп отыр
Еліміздегі жылқы саны соңғы жылдары еселеп өсіп, 4,3 млн-ға жеткен. Өкінішке қарай, жылқы етін экспортқа шығаруды былай қойғанда, жергілікті ірі сауда желілеріне өткізу ауылдағы ағайын үшін үлкен мәселеге айналған. Ал ет өңдейтін кәсіпорындар мен мейрамханалар оны Ресейден тасып отыр. Сан бар, сапа жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған деректерге сүйенсек, еліміздегі жылқының 10 пайыздан астамы Түркістан облысында. Ондағы шаруашылықтар 475 мыңға жуық қылқұйрықты өсіріп отыр. Абай облысында 401 мың жылқы бар. Ал үштікті Қарағанды облысы түйіндейді. Ертіс-Баян өңірінде де соңғы жылдары жылқы саны көбейіп келеді. Павлодар облысында 292 мыңнан астам жылқы өсіріледі. Оның 5,5 мың асыл тұқымды, бұл — жалпы жылқы басының шамамен 2,4 пайызы ғана.