Placeholder
Фото: Павлодар қаласының әкімдігі
Pavlodar äkimdigi
Қазақстан жаңалықтары31 тамыз 2024, 12:00

100 жас домбырашы Гиннестің рекордтар кітабына енді

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында павлодарлық оқушылар ұлттық «Ортеке» биінен Қазақстанның рекордын орнатты. Бір мезетте 100 домбырашы ортекелерді билетіп, Ертіс жағасын күмбірлеген күйге бөледі. «Ортеке» арнайы жасалған тұғырға орнатылып, домбырашының саусағына жіппен байланады. Күйші аспапта ойнай бастағанда, домбыра шерткен саусақтардың қозғалысымен қуыршақ та тықылдап билей жөнеледі, - деп хабарлайды Arbat.media.

Былтыр қазақтың «Ортеке» биі ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтар тізіміне қосылған болатын, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Бұл да ұлттық мәдениетіміздің мәйектерін әлем мойындай бастағанының көрінісі. «Ортеке» биінен Қазақстан рекордын орнату идеясын Павлодар қаласының әкімдігі ұсынған.

- «Ортеке» биін жастар арасында, соның ішінде оқушыларға таныту мақсатында Конституция күніне орай әрі Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында 100 жас домбырашыны шақырып, осындай игі мәдени шараны ұйымдастырудың сәті түсті. Бұл жерде кәсіби домбырашыларды да тартуға болар еді. Дейтұрғанмен, таңдауымыз өнерде жолын енді бастап жатқан жас өрендерге түсті. Әкімдіктің тапсырыс беруімен шеберлер 100 ортекені арнайы жасап берді. Бұл бұйымдар кейін жергілікті музыкалық мектептер мен музыкалық колледжге, өзге мектептер мен балалар клубтарындағы домбыра үйірмелеріне таратып беріледі, - дейді Павлодар қаласы әкімінің кеңесшісі Данияр Жұмаділов.

Жас домбырашылардың өнерін жергілікті көрермен Ертіс өзені жағалауында орналасқан «Ertis Promenade» сахнасында тамашалады. Қазақстан рекордын орнатуға Павлодар қаласындағы Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебі, музыкалық колледж - дарынды балаларға арналған музыкалық-мектеп интернат кешені, «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының өнерпаздары қатысты.

(КИНЭС) Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов павлодарлықтарды жаңа рекордпен құттықтап, аталған мектептердің өкілдеріне сертификаттар табыс етті.

 

100 жас домбырашы Гиннесс рекорд Ортеке павлодар

Тақырыпқа жаңалықтар