Placeholder
ФОТО: КТК
КТК
Қазақстан жаңалықтары28 тамыз 2024, 8:57

АЭС салу бойынша референдум өткізуге қаулы қабылданды

Үкімет атом электр станциясын салу бойынша референдум өткізуге қатысты қаулы қабылдады. Енді мемлекет басшысы қол қойса, содан кейін жалпыхалықтық дауыс беру күні белгілі болады. Атом энергетикасын дамыту перспективалары қаралған Үкіметтің бүгінгі отырысына министрлерден бөлек, ғалымдар мен сарапшылар да қатысты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.

Ел экономикасының тұрақты өсуі электр энергиясына деген сұраныстың артуымен қатар жүреді.

Бұл туралы қоғамдық тыңдауларда сан мәрте айтылған.

Бүгін Министрлер кабинетінде де елдегі бірқатар салалар жоғары тиімді энергия көздерін енгізу керектігі сөз болды.

Қазірдің өзінде өнеркәсіп, металлургия, көлік, IT, медицина, фармацевтика және ауыл шаруашылығы бойынша жаңа жобаларды іске асыру үшін электр энергиясының шамамен 8 гигаватт көлемі қажет.

«Шұғыл шаралар қабылданбаса, энергия тапшылығы күрделене түсуі мүмкін» деп, баяндамасын бастады энергетика министрі. Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның энергияға тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі бірден-бір жолы — АЭС салу деп санайды және оған қазіргі кезеңде еш балама жоқ екеніне сенімді. Бұл маңызды қадам энергетикалық және экологиялық міндеттерді шешіп қана қоймай, ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламаларын дамытып, елдегі технологиялардың ілгерілеуіне елеулі үлес қосады деп отыр министр.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

— Құрылыс кезеңінде, шамамен, сегіз мыңға жұмыс орны ашылып, екі мың адам жұмыс істейді. Бұл жағдайда атом электр станциясының аралас салаларындағы әрбір жұмыс орны онға дейінгі жұмыс орнын ашады және еңбек нарығы мен бүкіл аймақтың дамуына оң әсерін береді.

Атом энергетикасының артықшылығы қанша жерден басым болса да, бірінші кезекте оның қауіпсіздік мәселесі аса маңызды. Бұл тұрғыда Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев «алаңдауға негіз жоқ» деп отыр. «Себебі ұсынылып отырған екі контурлы атом электр станциясы ең қауіпсізі» дейді ол. Мұндай типтегі алғашқы АЭС 1957 жылы салынған екен және бүгінде жұмыс істеп тұрған АЭС-тердің жартысынан астамы сондай.

Саябек Сахиев, Ядролық физика институтының бас директоры:

— 80-інші жылдары біздің ядролық системасының жанында Алатау мөлтек ауданында төрт мыңдай халық тұрған. Қазір 15 мыңдай халық тұрады. Соның елуіне біз екі жыл болды, эксперимент ретінде детекторлар бергенбіз. Аптасына, айына мөлшер жүргізіп отырады. Екі жылда бір нормадан аспады. Міне, осының бәрі радиация қауіпсіздік жөнінен де АЭС ең қауіпсіз екенін дәлелдейді.

Әзірге атом электр станциясын салатын орын ғана белгілі. Мамандар асқан сақтықпен таңдалған жер заманауи технологияларды қолдануға өте қолайлы әрі мүлдем қауіпсіз деген тұжырымға келген. Ғалымдар болашық маңызды нысанның жер сілкінісі мен су тасқынына төтеп беріп, Балқаш көліне еш зиянын тигізбейтініне де сенім білдіріп отыр.

Тимур Жантикин, «Қазақстандық атом электр станциялары» АҚ Бас директоры:

— Қоршаған ортаға әсерге келетін болсақ, атом энергетикасы, тіпті ЖЭК-пен салыстырғанда, ең экологиялық таза энергия көзі болып саналады. Сонымен қатар көптеген дамыған елдерде атом энергетикасы жасыл таксономияға енгізілген. Атом энергетикасының дамуы парниктік газдар шығарындыларының төмендеуіне ықпал етеді, бұл экологиялық жауапкершіліктің жаһандық трендтеріне сәйкес келеді.

Кадр даярлауға да көп көңіл бөлініп келеді. Еліміздің энергетикалық инфрақұрылымына жүктеме артып отырған бүгінгідей жағдайда бұл мәселенің маңызы айрықша деді премьер-министр Олжас Бектенов.

Олжас Бектенов, ҚР премьер-министрі:

— Біз қазірдің өзінде энергетикалық қуат тапшылығын тартып отырмыз. Проблеманы осы бастан шешпесек, онда экономиканың әрі қарай өсуіне қажетті электр энергиясын үлкен көлемде сатып алуымызға тура келеді. Біздің еліміз сияқты, ең көп энергия пайдаланатын экономиканы дамытуға дәл осы атом энергетикасы негіз болып, халықтың тұрмыс деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік беруге тиіс. Біз өзімізде баламасы жоқ, тұрақты және сенімді энергия көзінен тыс қала алмаймыз.

АЭС жобасы бойынша шорт-тізімге төрт ел кірген: Корея, Ресей, Франция, Қытай компаниялары. Референдум нәтижесіне қарай құрылысты салатындар да таңдалады. Ендігі сұрақ, әдеттегідей, жемқорлық қаупіне қатысты. Журналистердің:

«Бұл жобаның Астанадағы LRT сияқты тоқтап қалмауына кім кепіл береді?» деген сауалына энергетика министрі «бұл барлық кезеңде жіті бақылауда болады» деп уәдесін берді. Айтуынша, атом станциясын салуда көпдеңгейлі бақылау механизмі бар. Бұл кез келген заңсыз әрекеттің бар қаупін барынша азайта түседі.

Сондай-ақ құрылыс, жобалау, пайдалану кезіндегі кез келген ядролық нысан халықаралық қаржы ұйымдарының тұрақты бақылауында болады.

АЭС референдум АЭС салу Үкімет

Тақырыпқа жаңалықтар