Қазақстан жаңалықтары9 қараша 2023, 16:09

Алматылық студент адам өмірін құтқаратын білезік ойлап тапты

Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің 6 курс интернатура студенті Аружан Қалиханова деменция, аутизм, альцгеймер синдромы, даун, шизофрения, эпилепсия, қант диабеті және созылмалы аурулары бар адамдарға арналған ерекше білезік ойлап тапаты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Жоба жүзеге асатын болса, оның бағасы да қолжетімді болмақ.

Аружан Қалиханованың айтуынша, мұндай идея оған екінші курста оқып жүрген кезде келген. Оған көшеде талып қалған адам себеп болған. 

«Далада бір адам есінен танып, құлап қалды. Көшеде кетіп бара жатқандар бірден қоршап алды. Мен де жүгіріп бардым. Бірақ ол кісіге не болғанын, қалай көмектесу керектігін ешқайсымыз білмедік. Қолымыздан тек жедел жәрдем шақыруға ғана келді. Сол кезде бір белгі беретін аксессуар болғанда ғой деп ойладым. Содан адам өмірін құтқаратын білезік жасадым. Яғни, ол бірінші медициналық көмекті тез көрсетуге арналған білезік. Егер қоғамдық орында, көшеде науқас адамның жағдайы нашарлап кететін болса, онда кездейсоқ өтіп бара жатқандар білезікке енгізілген ақпаратты оқып, көмектесе алады», - дейді ол. 

Спикердің сөзінше, білезіктің артықшылығы – бірегейлігінде. Қазақстанда білезіктер тек қабылдау бөлімінде пациенттерді іріктеу үшін ғана қолданылады, АҚШ-та осыған ұқсас білезіктер бар. 

«Америкада медициналық білезікте тек QR код қана енгізілген. Оны сканерлесе пациенттің өзі жазған ақпараты ғана шығады. Медициналық құжаттар, ішетін дәрі-дәрмегі туралы ақпарат жоқ. Мысалы дәрігердің көрінуінен кейін жаңа ақпаратты енгізуді ұмытып кетсе, білезік өз функциясын толығымен атқара алмайды. Сондай ақ олар жыл сайын біздің валютамен есептегенде 13 000 тенге төлеп тұруы керек, төлемесе QR істемейді. Бұл білезіктің бағасынан бөлек сома. Ал мен ұсынып отырған жобада бір рет сатып алып өмір-бақи еш алаңсыз қолданасыз, ақпарат, барлық құжат автоматты түрде ауысып отырады, бағасы да қолжетімді», - деп атап өтті Аружан Қалиханова. 

Идеяға сәйкес, бұл білезіктер ұстамасы бар (эпилепсия, диабет) әрі созылмалы аурулары бар адамдарға (астма, ХОБЛ, гипертония, аритмия), неврологиялық науқастарға (деменция, аутизм, Альцгеймер синдромы, Даун ауруы, шизофрения) бағытталған. Жедел жәрдем дәрігерлері кодты сканерлеу арқылы науқастың Damumed қосымшасын көре алады. 

«Көшеде ұстамасы ұстап қалған науқасқа, қарапайым адам да қол ұшын соза алады. Білезіктегі «ингалятор сөмкеде» деген ақпарат арқылы медициналық көмек көрсетуге болады. Сондай-ақ жақындарының байланыс нөмері және дәрілерге аллергиясы жазылады. Жедел жәрдем дәрігерлері QR кодты сканерлеу арқылы, Damumed-тегі науқастың медициналық картасына өтеді», - деп түсіндірді студент. 

Аружан Калиханова, жоба алғашында әмиян ретінде жарыққа шығатынын жеткізді. 

 

Аружан Қалиханова білезік Денсаулық Қауіпсіздік

Тақырыпқа жаңалықтар