Қазақстан жаңалықтары29 қазан 2023, 14:50

Бейжіңде жаңа терминдерді қазақшаға аударуға байланысты жиналыс өтті

Бейжіңде жаңа терминдерді қазақшаға аударуға байланысты жиналыс өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.

Қытайдың Бейжіңдегі Ұлттар аударма мекемесінде 2023 жылғы жаңа терминдерді қазақшаға аударып бекітуге арналған мамандар жиналысы ашылды.

2023 жылғы қазақ, тибет, корей тілдеріндегі аударма мамандарының жаңа терминдерді бекіту жиыны 28 қазан күні Бейжің қаласы Хайдян ауданындағы аталған аударма мекемесінің жиын залында өткізілген, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы».

Басқосуды Қытай Ұлттар аударма мекемесі бастығының орынбасары Бауыржан Нұрмолдаұлы басқарып жүргізген.

Жаңа терминдерді сараптап бекіту жиналысына Қытай Ұлттар аударма мекемесі басшысының орынбасарлары Жин Ингау, Уан Жянго қатарлы басшылар арнайы келген.

Аталған басқосудың басталу салтанатты шарасынан кейін жоғардағы үш ұлт тіліндегі талқылау жеке-жеке жалғасқан.

Қазақ тіліндегі мамандардың талқылау жиналысына Ұлттар аударма мекемесі қазақ тілі бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Жарқын Сағатұлы қатарлы мамандар бастаған Бейжіңдегі Ұлттар баспасы, Қытай Ұлттар аударма мекемесі, Орталық халық радио-телевизия бас станциясы сынды мекеме орындардан арнайы мамандар келген.

Ал Шыңжаң газеті бас редакторының орынбасары Нұржан Жанатқанұлы, Шынжаң газетінің бұрынғы бас редакторының орынбасары Жапарбек Әбілажыұлы қатарлы басшылар мен мамандарды қамтыған Шыңжаңдағы баспасөзбен оқу-білім саласынан 10-нан астам тіл және аударма мамандары онлайн қатысқан.

«Қытай Ұлттар аударма мекемесі қазақ тілі бөлімі меңгерушісінің орынбасары Құрбан Шапағатұлы бір жарым күнге жалғасатын осы жолғы талқылауда жалпы 200-ден астам жаңа терминдер мен атау сөздер қолданысқа енгізілетінін, осыған орай тілші мамандардың белсене ақыл-кеңес беруі керек екенін айтты», деп жазады қытайлық БАҚ.

Бейжің Қытай жаңа терминдер қазақшаға аудару

Тақырыпқа жаңалықтар