Қазақстан жаңалықтары20 тамыз 2024, 12:34

«Өзіне пиар жасаған»: Сот Нүкеноваға қатысты ақпарат таратқан блогердің ісін қайта қарады

Алматы қалалық сотында С. Нүкеноваға қатысты ақпарат таратқан А.Бударовқа қатысты азаматтық іс алқалық тәртіпте қайта қаралды. Бұған дейін сот А.Бударов тарапынан Instagram парақшасында таратылған С. Нукеноваға қатысты мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін, ар-намысын, қадір-қасиетін қорлайтындығын мойындап, жауапкерге оларды өзінің жеке парақшасында жариялы түрде жоққа шығару міндетін жүктеген, - деп хабарлайды Arbat.media.

Алқа жауапкердің апелляциялық шағымын негізсіз, ал соттың шешімін заңды және негізделген деп таныды, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Сотта А. Бударов Instagram-дағы «budarov_anton» интернет парақшасы оған тиесілі екенін жоққа шығарды. Бұл дәлелдер іс материалдарымен жоққа шығарылды.

— Аталған интернет парақша А.Бударовқа тиесілі телеграмм желісімен байланысты. Сонымен қатар, YouTube әлеуметтік желісінде жауапкердің бейнепосттарын жариялайтын «Антон Бударов [Буданбай]» аккаунты бар. Әр бейнепосттың астында жауапкердің Instagram-да «budarov_anton» жеке интернет парақшасы бар екендігі айқын көрсетілген, — деп хабарлады қалалық соттан.

Сондай-ақ апелляциялық шағымдағы жауапкерге сот талқылауы туралы хабарландырудың келмеуі туралы шағым расталмады. Аудандық сот сотталушыға шешім шығарылғанға дейін іс жүргізу туралы 4 рет хабардар еткен. Хабарламаға қарамастан айыпталушы сот отырысына мүлдем қатыспаған.

— Сот шешімі елдегі жоғары оқу орындарының бірінің тіл маманының қорытындысына негізделген. Зерттелген мәтіннің жалпы мәндік бағыты трагедиялық жағдайға тап болған С. Нүкенованың тұлғасына тікелей қатысты. Жариялаулардың авторының коммуникативтік мақсаты мәтіннің мазмұнынан шығады. Бұл С. Нүкенованың өлімімен байланысты трагедиялық оқиғаның қоғамдық резонансында өзін пияр ету, — деп хабарлады соттан.

Сондай-ақ қалалық сот мәліметіне сәйкес, сот процесінде жауапкердің тарапынан сарапшының қорытындыларын жоққа шығаратын бірде-бір дәлел келтірілмеген, соттық сараптама жүргізу туралы өтініш берілмеген, осылайша процестік қателікке жол берілген. Сондықтан талап қоюшы жауапкер А.Бударов тарапынан шындыққа сәйкес келмейтін және С. Нүкенованың ар-намысын, қадір-қасиетін төмендететін деректердің таралғандығын дәлелдеді. Жауапкер тарапынан таралған мәліметтердің шындыққа сәйкес келетіндігі дәлелденбеді.

— Сот коллегиясының қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылып, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады, — деп хабарлады Алматы сотының баспасөз қызметі.

Бударов Нүкенова ар-намыс сот

Тақырыпқа жаңалықтар