Қазақстан жаңалықтары12 шілде 2024, 13:53

Қамалған жұлдыздар қанша қаражаттан қағылды

Өнер жұлдыздарының әр күні табыс әкелетін той-домалақ, концерт, жарнамалық түсірілімге толы екені белгілі. Бұл ретте қамауға алынған өнер иелері темір тордың ар жағында жатқанда қанша қаражаттан қағылды екен? Әрине, өнер жұлдыздарының барлығы дерлік табысын айтуғы құлықты емес. Оны қойшы, қарапайым тұрғындардың өзі «жүріп-тұруыма жетеді» деп айлығын жасырып жүреді емес пе? - деп хабарлайды Arbat.media

Әншілер темір торға 15 күн былай тұрсын, бес күнге де тоғытылса да қалтасына салмақ салар деген оймен өнер жұлдыздарының көмекшілеріне, продюсерлеріне хабарластық, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Барлығы «ондай ақпарат бере алмаймыз» деп ат-тонын ала қашты. 

Елімізге танымал продюсер Алтынбек Рахметов болса бұл жайында өз ойын айтып берді.

«Қамауға алынған әншілер мол табыстан қағылады дей алмаспын. Тұрсынбек қамаудан шыға сала үлкен концерт берді. Зал лық толы. Қамауға алынғанының өзін әзілге айналдырып, одан сайын көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жатыр. Қайрат Нұртас пен Әбдіғаппар Әлқожа да қамаудан шыға салып концерт берсінші, залда ине шаншар орын болмайтынына сенімдімін. Ұсақ жағымсыз әрекет жасады екен деп халық жек көріп кетпейді», — дейді продюсер.

Құрылыста жұмыс істейтін қарапайым сылақшының өзі он күн жұмысқа шықпаса қалтасына салмақ салатыны түсінікті.

Алтынбек Рахметовтің айтуынша, Қайрат Нұртас 19 шілде күні Ақсу қаласының және Металлургтер күніне арналған концертте өнер көрсетуі керек-тін.

«Концерт ұйымдастырушысы болғандықтан Қайрат бұл іс-шарада шамамен 5 млн теңге қаражаттан қағылғанын айта аламын. Ал, басқа концерттерін білмедім. Жалпы, кейбір әнші аптасына бір рет тойына шығады, енді бірі қатарынан әр қаладағы мерекелік іс-шараларға шапқылап кететіні белгілі», — дейді Алтынбек Рахметов.

Әншілер әр қадамын әлеуметтік желілердегі парақшасына жариялайтыны белгілі.

Бұл ретте гонарарын білсеңіз шамалап болсын аптасына қанша табыс тапқанын болжауға болар.

Той ұйымдастырушыларының айтуынша, Қайрат Нұртас бүгінде кем дегенде 2,5 миллион теңгеге тойға шығады. Ал Тұрсынбек Қабатовты тойыңызға асаба ретінде жалдасаңыз 10-15 мың доллар қаражатыңыз дайын болсын.

Әбдіжаппар Әлқожа бұған дейінгі берген сұхбаттарының бірінде гонарар сомасын айтудан бас тартқан еді.

«Біреулерге менің гонорарым сөмкесінен алып „мә“ дей салатын ақша. Ал біреулерге бір жыл бойы айналып табатын ақшасы. Гонарар мөлшерін айтпаймын. Себебі, гонорарымды айтатын болсам, халықтың арасында біреудің жағдайы жетеді, біреудікі жетпейді. Гонорарымды айтсам, жағдайы жетпейтін кісілер, „ой, мынау сұмдық екен ғой“ деп айтуы мүмкін. Ал жағдайға қарап айтсам, жағдайы мықты кісілер „мынаның бағасы осындай-ақ па?“ дейді. Сондықтан да айтпай-ақ қояйын», — деген еді Әбдіжаппар.

қамалған жұлдыздар қаражат Қайрат Нұртас

Тақырыпқа жаңалықтар