Қазақстан жаңалықтары1 мамыр 2024, 10:00

Су шайған жолдардың көпшілігі 1960-70 жылдары пайдалануға берілген

Су тасқынынан кейін жол мамандарын үлкен жұмыс күтіп тұр. Қазір «ҚазАвтоЖол» компаниясы барлық залалды есептеуде. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасында өткен «Біз біргеміз» телемарафонында айтылды. «ҚазАвтоЖол» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің айтуынша, су тасқыны басталғалы 12 облыста жолдарды су шайған 168 жағдай тіркелді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Аталған компания өңірлерде су тасқыны салдарын жоюға тікелей атсалысып келеді. Ол үшін 700 техника жұмылдырылып, инертті материалдар берілуде, - деп жазады Kazinform агенттігі.

«Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында 6 автожолда шектеу бар. Барлық мердігер ұйымдар дайын, материал әзірлеу жұмыстары толыққанды жүруде. Барлық қажетті техника дайын тұр. Су деңгейінің төмендегенін ғана күтіп отырмыз, содан кейін бірден іске кірісеміз. Бұл жұмыстар құрылыс маусымының соңына дейін аяқталады. Компания болған жағдайдан тиісті қорытынды шығарды. Дегенмен, су шайған жолдардың 95 пайызы өткен ғасырдың 60-70 жылдары пайдалануға берілген жол бөліктерінде болды. Осыған қарамастан, биылғы жөндеу және құрылыс жұмыстарында барлық кемшіліктер қайта қаралып, түзетіледі», — дейді Д.Иманашев.

 

Су шайған жолдар 1960-70 жылдар қазавтожол Дархан Иманашев

Тақырыпқа жаңалықтар