Placeholder
Фото: БҚО әкімдігі
BQO äkimdigi
Қазақстан жаңалықтары30 тамыз 2024, 10:00

Тасқын: БҚО-да 775 тұрғын үй салынды

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Теректі ауданы, Аңқаты ауылында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жаңа үйлердің кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өткізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына Аңқаты ауылындағы үйлер «Жайықмұнай» ЖШС демеушілігімен салынды. Мерекелік шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Өңір басшысы ауыл тұрғындарын қоныс тойымен құттықтап, жаңа баспана кілттерін табыс етті, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес су тасқынынан зардап шеккен халыққа заң аясында тиісті көмек көрсетілуде. Көктемгі су тасқыны салдарынан Теректі ауданы бойынша барлығы 160 үй апатты деп танылған болатын. Соған орай 30 баспана сатып алынып, 130 үйдің құрылысы жүргізілді. Құрылыс жұмыстарына қолдау көрсеткен демеушілер мен компанияларға шын жүректен алғысымды білдіремін», - деді Нариман Төреғалиев.

Аңқаты ауылының тұрғындары көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдірді.

«Көктемгі су тасқыны отбасымызға үлкен шығын әкелді, бірақ мемлекет бізді апатпен жалғыз қалдырған жоқ. Міне, біз бүгін жаңа, кең, жарық үйімізге кіріп отырмыз. Бізге қолдау көрсетіп, қамқорлық танытқан Мемлекет басшысына мың алғыс», - деді Аңқаты ауылының тұрғыны Серікқали Тұралиев.

Бүгінге дейін облыста мыңнан астам тұрғын үй сатып алынып, зардап шеккен отбасыларға берілген. Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен Бөрлі, Сырым, Теректі, Бәйтерек аудандарының тұрғындары 253 үйдің кілтін алды.

Жалпы, Батыс Қазақстан облысында зардап шеккендер үшін 775 тұрғын үй салынды.

Пәтер кілттерін беру 30 тамыз күні Орал қаласында жалғасады.

Тасқын БҚО Баспана

Тақырыпқа жаңалықтар