Өзбекстанда жаңа қазақ мектебі пайдалануға берілді
Өзбекстанның Бостандық ауданына қарасты Жаңаауыл елді мекенінде жаңадан салынған қазақ мектебі падалануға берілді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Жаңа мектеп бой көтерген жерде бұған дейін 1963 жылы салынған білім ордасы болған. Ол сол кезде осы ауылдағы қазақ тіліндегі ең үлкен мектеп саналған. Ал 2008 жылы оның жанынан екінші кешен салынып, екі бөлік те бір білім ордасына тиісілі болды. Ал биыл ескі мектеп сүріліп, оның орнына жаңа ғимарат құрылып отыр.
«Кезінде басқа мектептер 8 жылдық болса, бұл мектеп 10 жылдық болған. Ол уақыттарда мұнда 8 сынып орналасқан, екі ауысымда толық оқыған. Жалпы саны 500 бала білім алатын. Ал 2008 жылы мемлекеттің қолдауымен ескі мектептің жанынан 300 орындық тағы бір білім ордасы құрылып, екеуі бір мектеп саналды. Онда сабақ беруге арналған 10 сынып бар. Осы мектепті салу кезінде спортзалдың құрылысы аяқталмай қалды. Біз біраз жерге шағым түсірдік, ауыл азаматтары біршама жерге барды. Соның нәтижесінде 1963 жылы салынған мектептің орнына 120 білім алушыға шақталған мектеп құрылды. Оның ішінде 100 адамға есептелген акт залы, заман талабына сай 12х24 өлшеміндегі спортзал бар», - деді мектеп директоры Әлиасқар Құрбанбаев.
Жаңа білім ордасында тек бастауыш сыныптар оқиды. Қазір мектептің қос бөлігінде жалпы саны 420-ға жуық оқушы білім алып жүр.
«Біз 2022 жылы құжаттарды рәсімдеу жұмысымен айналыстық. Кейін ел үкіметі бұл мектептің құрылысын 2023 жылдың жоспарына енгізіп берді. Құрылысы биыл қазан айында аяқталды. Білім ордасы барлық заман талабына сай келеді», - деді мектепті салған құрылыс компаниясы директорының орынбасары Ұлдана Дәулетова.