Ыстамбұлда көз жұмған қазақстандық қыз туралы тың дерек шықты

27 қазан 2026 13:34 / Евразия

Алдын ала мәлімет бойынша, Қазақстан азаматы Айсұлу Бекмаханова өзі тұрған ғимараттың алтыншы қабатындағы балконнан көрші үйдің шатырына өтпек болған. Алайда ол екі ғимараттың арасындағы ойыққа құлап, жерасты қабатының деңгейіне түскен, деп хабарлайды Arbat.Media.

Қыз оқиға орнында көз жұмған. Марқұмның Түркияға қыркүйек айында туристік визамен келгені белгілі болды.

Түркиялық басылымдардың мәліметінше, қыз Түркияға Ресей азаматы 22 жастағы қызбен бірге келген және онымен бірге тұрған. Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі де ақпаратты растады.

"Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыста және оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Түркияның құзыретті органдары тергеу жүргізуде, оқиғаның мән-жайы нақтыланып жатыр. Мәселе ҚР Сыртқы істер министрлігінің бақылауында", – делінген министрлік хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары