Өзбекстанда жер сілкінісіне төзімді ғимараттар салынады
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев арнайы қаулыға қол қойды, оған сәйкес енді сейсмикалық белсенді аймақтарда қарқындылығы 8 балл болатын жер сілкінісіне төзімді ғимараттар ғана салынады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Podrobno.uz жазады.
Биыл 1 маусымнан бастап сейсмикалық белсенді өңірлерде құрылыс тек жаңа жобалау әдістеріне сәйкес жүргізілетін болады.
Құрылысшылар көпқабатты (9 қабаттан жоғары) ғимараттарды сейсмикалық оқшаулауды және демпферлікті қоса алғанда, арнайы белсенді қорғаныс жүйелерімен жабдықтауға міндетті.
Бес қабаттан жоғары медициналық мекемелердің құрылысына да осындай талаптар қойылмақ.
Бұл қаулының орындалуына жауапкершілік Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігінің мамандарына жүктеледі.
Оларға Ташкент сәулет-құрылыс университеті қызметкерлерінің нұсқауларының орындалуын бақылауда көмек көрсетіледі.
Республика билігі жер сілкінісі салдарынан қираған ғимараттарды да қалпына келтіруді жоспарлап отыр.