Парижде теракт жасамақ болған үш әйел ұсталды

9 қараша 2025 11:39 / Евразия

Францияның арнайы қызмет өкілдері жарылғыш зат қолдана отырып, мәдениет нысанында теракт ұйымдастыруды жоспарлаған үш әйелді ұстады, деп хабарлайды Arbat.Media.

Бұл туралы Le Parisien газеті жазды.

Францияның Ішкі қауіпсіздік жөніндегі бас басқармасы (DGSI, ішкі барлау қызметі) қызметкерлері оларды бірнеше айлық бақылаудан кейін қазан айының басында Вьерзон (Шер департаменті), Лион және оның маңындағы Вийербан (Рона департаменті) қалаларында ұстаған. Әйелдердің бірі – мүмкіндігі шектеулі, арбамен қозғалатын адам. Тергеу мәліметінше, олар Париждегі барда немесе концерт залында жарылғыш белбеулер қолдана отырып шабуыл жасауды жоспарлаған.

Ұсталғандардың барлығы – салафизм бағытын ұстанатын, жасы 18 бен 21 аралығындағы Франция азаматтары. Олардың бірі TikTok желісінде радикалды исламшылдарды қолдайтын материалдар жариялап отырған топтың әкімшісі болған, сондай-ақ Telegram мессенджеріндегі “Ислам мемлекеті” (ИГИЛ) террористік ұйымын жақтайтын топқа мүше болған. Сол топта ол басқа қатысушылардан атыс қаруы мен жарылғыш зат пайдаланып шабуыл ұйымдастыруға көмек сұраған.

Қыркүйек айында бұл әйелдер бірнеше рет Лионда кездескен. Осыдан кейін барлау қызметі олардың терактіні жүзеге асырудың соңғы кезеңіне дайындалып жатқанын анықтаған. Кейін олардың біреуі ИГИЛ ұйымына адалдық антын бергені белгілі болды.

19 жастағы топ басшысының үйін тінту барысында шабуыл жоспарының сызбалары, жарылғыш затқа арналған ингредиенттер және автомат қару сатып алуға арналған ақша табылған. Тергеу кезінде ол өзін “ойынмен әрекет ететін”, “бастаған ісін соңына дейін жеткізе алмайтын” адам ретінде сипаттаған. Алайда ол француз жүйесіне деген өшпенділігін жасырмай, “шариғатпен өмір сүргісі келетінін” және “республика заңдарынан діни заңдарды артық көретінін” айтқан.

Серіктес жаңалықтары