Парижде зергерлік бұйымдар таситын курьерлерді тонап кетті

25 желтоқсан 2025 19:33 / Евразия

Франция астанасы Парижде зергерлік бұйымдарды таситын курьерлерге қарулы шабуыл жасалып, ірі көлемдегі зергерлік бұйымдар мен сирек кездесетін сапфир ұрланды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Оқиға дүйсенбі күні Париждің 10-округіндегі зергерлік дүкеннің маңында болды. Белгісіз ер адам көлік тұрағында курьерлерді күтіп тұрған. Олар автокөліктен түскен сәтте қаскөй олардың біріне тапанша бағыттап, екіншісін балғамен басынан ұрып құлатқан.

Шабуыл жасаған адам оқиға орнынан скутермен қашып кеткен. Ал зардап шеккен курьер дереу ауруханаға жеткізілді.

Париж полициясының мәліметінше, ұры бес қап зергерлік бұйым мен біраз алтынды алып кеткен. Курьерлер алып келген заттардың ішінде бағасы 150 мың еуро тұратын сирек сапфир де болған. Париж прокуратурасы ұрланған заттардың жалпы құнын 160 мың еуро деп бағалап отыр.

Айта кетейік, қыркүйек айында Франция президентінің резиденциясынан ұлттық мұраға жататын күміс және фарфор бұйымдары ұрланған еді.

Серіктес жаңалықтары