Қазақстан мен Өзбекстанның Парламентаралық ынтымақтастық кеңесі өтіп жатыр
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ресми сапармен Өзбекстан Республикасына барды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Өзбекстан Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасы мен Қазақстан Парламенті Мәжілісінің арасындағы парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысы Ташкентте өтті.
Бұл – екі ел парламенттері арасындағы өзара ықпалдастықтың тың және жетілдірілген форматы.
Екі ел депутаттары сауда-экономикалық, көлік, аграрлық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты және су дипломатиясы мәселелерін талқылады.
Ерлан Қошанов Өзбекстан Қазақстанның өңірдегі ең ірі экономикалық серіктесі екенін атап өтті.
Орталық Азия елдерімен тауар айналымы жалпы көлемінің 62,5 пайыздан астамы осы елге тиесілі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық рекордтық 5 млрд АҚШ долларына жетті. Екі ел үкіметтерінің алдында бұл көрсеткішті 10 млрд долларға дейін арттыру міндеті тұр.
«Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының құрылысы – келешегі зор бірлескен жобалардың бірі. Оны өңірдегі ірі сауда-өнеркәсіптік хабқа айналдыру көзделіп отыр.
Қазақстан парламентшілері Өзбекстанның «Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» теміржолын және «Беларусь – Ресей – Қазақстан – Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан» мультимодальді дәлізін салу арқылы трансауған дәлізін дамыту жөніндегі бастамаларына қолдау білдірді.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі – Трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және тиімді пайдалану туралы үкіметаралық келісімді келісу рәсімін және Орталық Азия елдерінің халықаралық су-энергетика консорциумын құру мүмкіндігін талқылау болды.
Делегация басшылары Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Өзбекстан Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасы арасындағы парламентаралық ынтымақтастық кеңесі туралы ережеге қол қойды. Парламентаралық ынтымақтастық кеңесі жылына кемінде бір рет тұрақты түрде өткізіліп отырады.
Ерлан Қошанов Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, елдегі іргелі өзгерістер туралы айтты. Мәжіліс спикері Өзбекстан басшысына Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысының қорытындылары мен екі ел парламенттері арасындағы өзара іс-әрекеттің қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді. Сондай-ақ Республика күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиында Қазақстан Президентінің халыққа арнаған ауқымды идеологиялық үндеуіне ерекше назар аударды. Онда мемлекеттің жүріп өткен жолына объективті де тарихи баға берілді.