Қырғызстанда ел туын өзгерту туралы заң жобасы мақұлданды
Қырғызстанда Жогорку Кенеш «Қырғыз Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қырғыз Республикасының заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Қырғыз Республикасының мемлекеттік символына өзгеріс енгізу туралы ұсыныс тастаған – спикер Нурланбек Шакиев пен депутат Улан Примов. Олардың сөзінше, қазір тудың ортасындағы күн сәулесі мен түндік түрліше қабылданады. Біреулер оны күнбағысқа ұқсатса, енді бірі киіз үй бөлігі ретінде көреді.
Депутат Улан Примов әріптестерінен заң жобасының тұжырымдамасын қолдауды сұрап, мемлекеттік рәміздерге өзгерістер енгізетін жалғыз ел Қырғызстан емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, ту бейнеленген барлық қажетті құжаттарға өзгертулер бірден енгізудің қажеті жоқ, оларды кезең-кезеңімен енгізуге болады.
Қырғыз Республикасының туындағы күн сәулесінің жаңа нобайын жасау үшін осы туды бастапқы кезеңде жасаушы авторлар жұмылдырылды. Олар математикалық есептеу, сызбалар және соған байланысты жұмыстар жүргізді. Авторлардың бірі Жүсіп Матаевтің атап өтуінше, бастапқы нұсқа өзгеріске ұшыраған – алғашқыда күн сәулесін анық еске түсіретін пішін ұсынылды. Тудың тағы бір авторы Эдил Айдарбеков тудың жаңа нұсқасын қарастырғанда күн сәулесінің бейнесі ғылыми тұрғыдан қарастырылмағанын айтты.
Сондай-ақ талқылау барысында депутат Дастанбек Джумабеков тудың жекелеген элеметтерін өзгерту мәселесін референдумға шығаруды ұсынды. Халық депутаты Нұрланбек Азыгалиев мемлекеттік рәміздерді өзгертпеу керек деп айтуға болмайтынын айтты. Депутат Мейкинбек Абдалиевтің пікірінше, Қырғызстан азаматтарының пікірін ескеру қажет. Бұл ретте туды түзетуге бастамашы болған Улан Примов осыдан 32 жыл бұрын туды референдум емес, парламент бекіткенін баса айтты.