Қырғызстанда вейп пен электронды темекіге тыйым салынды
Қырғызстанда вейп пен электронды темекіге тыйым салынды. Тиісті заңға ел президенті Садыр Жапаров қол қойды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Тыйым 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Сол күннен бастап Қырғызстанға құрамында никотин бар сұйық электронды темекілерді әкелуге, сондай-ақ елде сатуға немесе пайдалануға тыйым салынады.
Сонымен қатар елде вейп және электронды темекі сатқандар мен оны пайдаланғандар айыппұл арқалайды. Пайдаланғаны үшін жеке тұлғаларға салынатын айыппұл мөлшері – 100 есептік көрсеткіш, яғни 10 мың сом (шамамен 57 мың теңге), ал сатқаны үшін 200 есептік көрсеткіш айыппұл арқалайды. Заңды тұлғалар бұдан 6 есе көп төлейді.
Ал елге заңсыз әкелгендерге ірі мөлшерде айыппұл салу, бір жылға дейін түзету жұмыстары, екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.