Қырғызстандағы сел: Жоғалған екі жасар баланың денесі табылды
Қырғызстанның Ош облысы Нооқат ауданы Апшыр-Ата ауылында сел алып кеткен екі жасар баланың денесі табылды дейді Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде баланың денесі кеше сағат 15.50-де табылған. Баланы жергілікті тұрғындар тауып, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне тапсырды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Қазіргі кезде құқық қорғау органдары оның тұлғасын нақтылап жатыр.
Сел салдарынан құрбан болғандар саны 10 адамға жетті.
«Бүгін іздеу жұмыстарына 85 құтқарушы мен 100-ден астам жергілікті тұрғын жұмылдырылды», - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, Қырғызстанның Ош облысындағы Нооқат ауданында жүрген селдің салдарынан мерт болғандар саны 9 адамға жеткенін жазған болатынбыз.
Сел жолдарды шайып, көпірлер мен электр қосалқы станцияларын қиратты. Апшыр-Ата демалыс аймағы мен Кезарт жайлауында 1400-ге жуық адам сел ортасында қалды. Кейін олар Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағымен эвакуацияланды.
Жойқын сел тасқынынан қазақстандық балалар көз жұмғаны белгілі болды.
Осы оқиғаға байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Қырызстан президенті Садыр Жапаровқа көңіл айтты.