Садыр Жапаров Конституциялық сотқа өтінішпен жүгінді

12 ақпан 2026 9:25 / Евразия

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Конституциялық сотқа жүгініп, өзінің өкілеттік мерзімі мен кезекті президент сайлауын тағайындау тәртібіне қатысты Конституция нормаларын ресми түрде түсіндіріп беруді сұрады, деп жазады Arbat.Media. 

Мұндай қадамға заңгерлер мен сарапшылар арасында туындаған пікір алшақтығы түрткі болған. 2021 жылы Конституцияның жаңа нұсқасы қабылданғаннан кейін, 2010 жылғы Конституция бойынша сайланған президенттің өкілеттік мерзімі қай кезден басталатыны және алдағы сайлау қашан өтуі керектігі жөнінде әртүрлі көзқарастар айтыла бастаған.

Мемлекет басшысының айтуынша, осы мәселеге қатысты нақты түсініктің болмауы сайлау мерзімдерін белгілеуге, азаматтардың сайлау құқықтарына және билік шешімдерінің заңдылығына әсер етуі мүмкін. Ал құқықтық айқындық қамтамасыз етілмесе, бұл саяси пікірталастарды күшейтіп, мемлекеттік институттарға деген сенімге нұқсан келтіруі ықтимал.

Садыр Жапаров Конституциялық соттан «Қырғыз Республикасының Конституциясы туралы» заңды ескере отырып, тиісті нормаларға түсіндірме беруді және президенттік сайлауды өткізу мерзімі мен тәртібін нақтылап көрсетуді өтінді.

Серіктес жаңалықтары