Украинада қазақстандықтарды алдаған алаяқтар тобы ұсталды

26 қыркүйек 2025 12:32 / Евразия

Украинаның екі қаласында алаяқтардың трансұлттық қылмыстық тобы ұсталды, деп хабарлайды Arbat.Media.

ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті Украинаның Ұлттық полициясы мен прокуратурасымен бірлесіп, Черновцы мен Одесса қалаларындағы қылмыстық топтың жолын кесті.

«Қазақстан азаматтарын алдаумен айналысқан алаяқтық call-орталық жойылды. Қылмыскерлер схема бойынша әрекет еткен. Олар жәбірленушілерге Қазақстанның Ұлттық банкі, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтері атынан қоңырау шалып, «күдікті операциялар» мен «террористік ұйымдарды қаржыландыру» үшін қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып, азаматтарды несие алуға, мүлкін сатуға және депозиттегі қаражатты дроптардың шотына аударуға мәжбүрлеген. Осылайша психологиялық қысым жасаған», - делінген хабарламада.

Тінту барысында 30-дан астам компьютерлік техника, 79 ұялы телефон, SIM-карта, нысанды киім-кешек, құқық қорғау және арнайы органдардың, Ұлттық банктің қызметкерлерінің жалған куәліктері, алдын ала дайындалған сценарий, сондай-ақ басқа да айғақтар тәркіленген.

Алдын ала мәлімет бойынша қаскүнемдер Қазақстан тұрғындарын 900 миллион теңгеден астам сомаға алдаған. Арнайы операция нәтижесінде Украинаның 9 азаматы ұсталып, оның бесеуі қамауға алынды.

Серіктес жаңалықтары