АҚШ Иранға демалыс күндері соққы беруге әзірленіп жатыр — мамандар

20 маусым 2025 11:15 / Мир

Иран-Израиль шайқасының басталғанына бір аптаға жақындады, деп хабарлайды Arbat.Media.

Бүгін таңертең Иран Израильдің ірі қаласы Тель-Авивке және осы елдің оңтүстігіне зымырандармен соққы берді. Одан Рамат-Ган, Холон қалаларында ғимараттардың тас-талқаны шығып, Беэр-Шева шаһарында «Сорока» деген аурухана қираған.

Бірақ Иран госпитальді емес, әскери нысанды көздегенін хабарлады. Бүгінгі Иранның шабуылынан Израильде 89 адам жараланған.

Ал Израиль соңғы тәулікте Ислам Республикасының Арак, Натанз, Исфахан қалаларындағы ядролық реактор мен уран байыту нысанына және басқа да объектілерге шабуыл жасаған. Соңғы мәліметке сәйкес, Израильдің шабуылдарынан жұмадан бері 585 адам мерт болды.

Екі ел арасындағы қақтығысқа қатысты АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға шабуыл жасау жоспарын мақұлдады. Бірақ соңғы шешімді әлі қабылдай қоймаған. Себебі Трамп Тегеран өзінің ядролық бағдарламасынан бас тартып қалады деп әлі үміттеніп отыр.

Десек те «Блумберг» агенттігі Құрама штаттар Иранға алдағы демалыс күндері соққы беруге әзірленіп жатқанын хабарлады.

 

Серіктес жаңалықтары