Ескерткіш: Арбакеш қария балалар үйіне 80-нен астам көлік сыйлаған
Татарстанда базарда арба айдап жүріп, балалар үйіне 80-нен астам көлік сыйлаған қарияға ескерткіш орнатылған. Татарстанның Еділ мен Қазан (Казанка) өзені түйіскен жердің дөңінде Татарстанның Кремлі тұр. Осы саяси салмақты, тарихи көрнекті орында қарапайым арба жеккен қарияға арнайы ескерткіш орнатылған. Сырттай қарағанда прототипі халық арасындағы белгісіз қария болып көрінгенмен, оның ғұмырында жасаған ерлігі ескерткіш орнатуға тұрарлық, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Асгат Галимзянов (Асхат Ғалымжанов) 1936 жылы қарапайым еңбек адамының шаңырағында дүниеге келген. Ол жоғарғы оқу орнында оқымай, әскерден соң біраз уақыт милиция болып қызмет етеді. Бұл кәсіпті қолай көрмей, базарда арба айдауға көшеді. Қызметі базардағы қалдықтарды бір-екі қыр асырып төгіп тастау. Осылай арба айдай жүріп, Татарстанның түкпір-түкпіріндегі балалар үйіне қалай 80 -нен астам көлік сыйлаған.
«Бір күні ой келеді: «Неге мұны малға берсем, сауап іс қой» деген. Сірә, ол кезде қала ішінде мал бағуға тыйым салса керек. Содан үйінің маңынан үлкен әрі кең жертөле қазып, жасырын қара мал асырайды. Жем-шөбі – базардың су тегін қалған-құтқаны. Бұл берекелі кәсіп болады. Қорасын айнадай таза ұстайды. Керемет байиды. «Ақшасын қайда жіберген?» дейсіз ғой. Татарстан, Башқұртстан, Шубашстан республикаларының балалар үйіне аударып отырған. Бейбітшілік, Чернобыль, т.б. қорларына салған қаржысы тағы бар. 90-жылдары төтеннен экономикалық дағдарыс келгенде, Қазанның №1 балалар үйіне «Нива» көлігі мен автобус сатып алып береді. Жеміс-жидек піскенде жас өрімдер қуансын деп уылжыған өнімді арбалап әкеліп, тарту ететін ұқсайды».