Мексикада мэрлікке үміткерді сайлаушылармен кездесу кезінде атып өлтірді
Мексиканың Герреро штатындағы Коюка де Бенитес қаласының мэрлігіне оппозициялық оңшыл «Күш және Мексика үшін жүрек» альянсынан үміткер Хосе Альфредо Кабрера Баррьиентос сайлаушылармен кездесу кезінде атып өлтірілді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы «El Universal» таратты, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Бұл штатта сайлау науқаны кезінде мэрлікке бес үміткер мен бір депутат қаза тапты. Саясаткер баскетбол алаңындағы сайлаушылардың арасында болған кезде, белгісіз біреу оның артынан жақындап келіп, тапаншасын алып, басынан бірнеше рет атқан. Кісі өлтіру сәтінің видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Бейнежазбада кем дегенде 15 рет оқ атылған дауыс естіледі.
Бір күн бұрын Халиско штатында Мексиканың басқарушы «Морена» партиясынан Энкарнасьион де Диас муниципалитетінің басшысына үміткер Гильберто Паломар Гонсалес қарулы шабуылдан жарақат алған. Саясаткер жараланған ағасы және хатшысымен бірге ауруханаға жеткізілді.
«Laboratorio Electoral» зерттеушілерінің мәліметінше, Мексикада 2023 жылдың жазынан бері сайлау науқанына байланысты 82 адам қаза тапқан. Олардың 34-і мемлекеттік саяси қызметке кандидат болды. Жалпы алғанда, 2023 және 2024 жылдар аралығында саясаткерлерге жасалған зорлық-зомбылықтың 2172 оқиғасы, соның ішінде шабуылдар, қоқан-лоққылар және адам ұрлау оқиғалары тіркелген.
Мексикада жалпы сайлау 2 маусымда өтеді. Олар алдағы алты жылға жаңа президентті, сондай-ақ депутаттар палатасының 500 мүшесі мен Сенаттың 128 мүшесін, тоғыз губернатор мен 19 мың жергілікті шенеунікті сайлайды.