Патрисия Каас пен Жерар Депардье коллекциясында қазақстандық суретшілер туындысы бар

23 шілде 2024 12:00 / Мир
Коллаж: Kazinform/ journaldesfemmes.fr/ kinopoisk.ru

Француз жұлдыздары Патрисия Каас пен Жерар Депардьенің жеке коллекциясында Әбілхан Қастеев, Айша Ғалымбаева және Алпысбай Қазығұловтың жұмыстары бар, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитеті Kazinform агенттігінің ресми сұрауына берген жауабында хабарлады.

«Интернет пен әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сәйкес, Патрисия Каастың жеке коллекциясында қазақ халқының табиғаты мен өмірінің сұлулығын бейнелейтін шынайы пейзаждары мен портреттерімен танымал қазақстандық ұлы суретшілердің бірі Әбілхан Қастеев, қазақ киносының алғашқы кәсіби суретшісі Айша Ғалымбаева және басқа танымал қазақстандық суретшілердің жұмыстары бар», — деп жауап берді мәдениет комитеті.

Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының ақпаратынша қазақстандық суретшілердің туындыларына шетелдік арт-нарықта сұраныс бар. Әсіресе Алпысбай Қазғұловтың шығармаларын іздейтіндер көп.

Мысалы, «Кеңістіктегі ойын» еңбегі Патрисия Каастың жеке коллекциясында сақтаулы тұр, ал «Ұлы Жібек жолы» картинасы Жерар Депардье коллекциясынан орын алған.

Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңға сәйкес, картиналардың құны коммерциялық құпия саналады. 

Бұған дейін шетелдік музейлер мен жеке коллекционерлердің қорында Бақыт Бәпішев, Асқар Есдәулетов, Камиль Муллашев, Шолпан және Біржан Төлеш, Евгений Фридлин, Эдуард Казарян, Андрей Нода, Марат Бекеев, Алпысбай Қазғұлов, Батухан Баймен, Бақытнұр Бүрдесбеков, Рафаэль Слекенов, Лейла Махат, Асқар Есенбаев пен Жәмилә Тәкен сияқты қазақстандық суретшілердің жұмыстары сақталғаны хабарланған еді.

 

Серіктес жаңалықтары