Қытай аустралиялық жазушыны өлім жазасына кесті
Бейжің соты Қытайда тұтқындалған аустралиялық жазушы Ян Хэнцзюнды тыңшылық жасады деп айыптап, шартты түрде өлім жазасына кесті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Аустралия сыртқы істер министрі Пенни Вонг мәлімдеді, деп хабарлайды SBS телеарнасы деп жазады Kazinform.
«Бұл шешім Аустралия үкіметін шошытты», - деді Вонг Канберрада журналистерге.
Оның айтуынша, егер Ян осы уақыт ішінде ауыр қылмыс жасамаса, өлім жазасы екі жылдан кейін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.
Айта кетейік, Хэнцзюн Қытайда дүниеге келген және Аустралия азаматтығына ие. 2019 жылы қамауға алынғанға дейін ол Нью-Йоркте жұмыс істеген. Ол Гуанчжоу әуежайында қамауға алынып, оған тыңшылық жасады деген айып тағылды. Қытай билігі істі егжей-тегжейлі жарияламады, тағылған айыптың анық-қанығы әлі белгісіз.
Жазушы бұл айыптауларды жоққа шығарды. Оның отбасы жазушының қамауға алынғаннан бері денсаулығының нашарлағанын айтып, Қытай билігін оны «азаптауда» деп айыптайды.
Академик, блогер және жазушы Ян Хэнцзюн Қытай үкіметін адам құқығын бұзып отыр деп сынады.
Аустралияның Қытайдағы елшісі бұған дейін Пекинді жазушыны өз бетінше қамауға алды деп айыптаған, оның жақтастары мұны «саяси астарлы қудалау» деп атаған.
«Қытай үкіметі оны Қытайдағы адам құқықтарының бұзылуын сынағаны және адам құқығы, демократия және заң үстемдігі сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды қорғағаны үшін жазалап отыр», - деді оның досы, Сиднейде тұратын академик Фенг Чонги.
Австралия премьер-министрі Энтони Албанезе ірі сауда серіктестері арасындағы қарым-қатынастарды жақсарту үшін қараша айында Қытайға барған жеті жылдағы алғашқы австралиялық көшбасшы болды.
Бірнеше жылдар бойы Бейжің мен Канберра арасындағы қарым-қатынас сауда дауымен, кибершабуылдар туралы айыптаулармен және Аустралияның COVID-19 вирусының шығу тегін халықаралық тергеуді талап етуімен бұзылған.