Ұлыбританияда балалардағы қатерлі ісікті емдеуге арналған жаңа препаратқа рұқсат берілді
Ұлыбританияда қатерлі ісікке шалдыққан балаларға арналған жаңа препаратты қолдануға рұқсат берілді. Блинатомумаб деп аталатын дәрілік заттың химиотерапиямен салыстырғанда уыттылығы төмен және жанама әсері аз, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы ВВС ақпарат агенттігі хабарлады деп жазады Kazinform.
Дәрілік препаратты алғашқы болып Лондондағы Great Ormond Street балалар ауруханасы пайдаланып көрді.
Ал алғашқы науқастардың бірі - лейкозбен ауыратын 11 жасар Артур болды. Оның ата-анасы ВВС-ге берген сұхбатында жаңа терапияның балаға оң әсер бергенін айтты.
Тағы бір артықшылығы - препаратты ауруханада ғана емес, үйде де қабылдай беруге болады. Нәтижесінде бала отбасымен көбірек уақыт өткізіп, сүйікті ісімен айналыса бастады.
Блинатомумаб - биологиялық препараттар тобына жатады. Бұл - тірі организмдерде пайда болатын табиғи антиденелердің жасанды аналогы. Осы топтағы басқа препараттар ревматоидты артрит сияқты аутоиммунды ауруларды емдеу үшін қолданылады.
Препарат лейкоздың әртүрлі түрлерін (лейкоциттердің қатерлі ісігі) емдеу үшін қолданылады. Оның басты артықшылығы - рак клеткаларына «шабуыл жасайды», одан сау жасушалар зардап шекпейді. Науқас ауру жасушалармен қатар сау жасушаларды да бұзатын химиотерапияға қарағанда бұл препаратқа әлдеқайда жеңіл шыдайды.
Блинатумаб біраз уақыттан бері ересек пациенттерді емдеу үшін қолданылған, бірақ сарапшылар оның балаларға да қауіпсіз екенін анықтады.