200 мың доллар пара сұраған шенеунік сотта жылады

7 наурыз 2024 11:25 / Новости Казахстана

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Мақсұт Исахов өткен жылдың жазында қамауға алынған еді. Ол 200 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Шымкент әкімінің экс-орынбасарына қатысты дерек қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатыр. Тергеу материалдары 21 томға жинақталған.

Бұған дейін блогер Айгүл Орынбек оның кәсіпкермен сөйлескен аудио жазбасын желіге жариялаған еді. Ол жазбада жергілікті кәсіпкерлердің бірі 2020 жылы қаладағы жылу құбыр жүйесін ауыстыратын мемлекеттік конкурсқа қатысқаны көрсетілген. Кәсіпкер ең төменгі бағаны ұсынса да, ашық конкурстан шеттетіліпті. Кейін сот арқылы жеңіске жеткен. Ал әкімдік бес күннен кейін келісімшарт ұсынуға тиіс еді. Алайда Мақсұт Исахов кәсіпкермен байланысып, 187 миллион теңге көлемінде пара сұрайды.

Сол сәтті кәсіпкер диктофонға жазып алған.

Кәсіпкердің айтуынша, құқық қорғау органдарына түсірген шағымды ешкім елемеген.

Енді айыпталушының қылмысқа қатысы бары дәлелденсе, 10 жылдан 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.

«Алты балам бар, оның бесеуі кәмелетке толмаған. 75 жастағы кәрі анам да менің қолымда. 8 айдан бері тергеу кезінде көрмеген қорлығым жоқ. Бір кісілік камераға отырғызып қойды. Ешкімнің басына мұндай сынақ бермесін. Айып етпеңіздер», деген Мақсұт Исахов сот алдында көз жасына ерік берді.

Серіктес жаңалықтары