2025 жылы қанша этникалық қазақ тарихи отанына оралды?

25 желтоқсан 2025 20:29 / Новости Казахстана

2025 жылы 14 828 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Жалпы, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллион 162,9 мың этникалық қазақ көшіп келген.

Биыл елге оралған 14 828 этникалық қазақтың басым бөлігі Өзбекстаннан (44,5 пайыз) және Қытайдан (43,6 пайыз) келген. Сондай-ақ Түрікменстаннан – 4,1 пайыз, Моңғолиядан – 3 пайыз, Ресейден – 2,5 пайыз және басқа елдерден – 2,3 пайыз этникалық қазақ қоныс аударған.

Қандастардың 57,4 пайызы еңбекке қабілетті жаста болса, 34 пайызы – кәмелет жасына толмағандар, ал 8,6 пайызы - зейнеткерлер. Еңбекке қабілетті жастағылардың 15 пайызы жоғары білімді, 27,6 пайызы орта арнаулы, 51,1 пайызы жалпы орта білімге ие, 6,3 пайызының білімі жоқ.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, қандастар еліміздің әр өңіріне қоныстандырылған. Еңбек күші тапшы аймақтар ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары айқындалды.

Қоныстандыру өңірлеріне барған қандастарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, көшуге отағасына және әр отбасы мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы субсидия, сондай-ақ тұрғын үй жалдау мен коммуналдық қызметтерге бір жылға 15–30 АЕК көлемінде өтемақы қарастырылған.

Жыл басынан бері 1 279 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетіліп, оның ішінде 356 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған.

Серіктес жаңалықтары