53 миллиондық мұз қалашығы еріп жатыр

28 желтоқсан 2023 10:12 / Новости Казахстана

Әлемдегі алып мұздықтар еріп жатқан заманда Павлодардың шенеуніктері мұздан қалашық тұрғызамыз деп әбігерге салынуы бекершілік болып шықты. Құрылысына 53 млн теңге бөлінген мұз кескіндері мен қыс бейнелері шаһар тұрғындарының көз алдында кәдімгідей еріп, көлшікке айналып жатыр. Өкінішке қарай, бұл есіл қаражаттың сұрауы да болмайтындай, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Егемен Қазақстан жазады. 

Биылғы қыс Ертіс-Баян өңірінде ерекше жылы. Жуырдағы үскірік аяздардың соңы жылымыққа ұласып, қазіргі уақытта күндізгі температура +3 градусты көрсетіп тұр. Оның үстіне осы аптаның сейсенбісінде жауған жаңбыр өзі аз ғана түскен ақ ұлпаны ерітіп жіберді. Ауа райының бұлайша құбылуы қызық болғанда Ертіс өзені жағалауында салынып жатқан мұз қалашықтарды ерітіп жіберді. Павлодар қаласының билігі Жаңа жыл мейрамын ұлан-асыр етіп тойлауды жөн деп шешіп, бюджеттен бақандай 185 млн теңге бөлген. Оның 52 млн теңгесі жаңадан орнатылған жасанды шыршаның құрылысына бөлінсе, 53 млн теңге мұздан қалашықтар мен сырғанақтар, жаңа жылдық ертегілердің кейіпкерлерін кескіндеуге бағытталған.

Қазына қаражатын жаратушы құзырлы мекемелер мен конкурсты ұтып алған мердігерлер ауа райын ескермеген бе, жуықта ғана қаланған мұз қалашықтың дені бір күннің ішінде еріді де кетті. Ал орталық жағалаудың төмен­гі тұ­сында тұрғызылып жатқан қала­шыққа қараудың өзі аянышты еді. Усолка өзенінің мұзынан ойылып алын­ған мұз кесектері жылы ауа райы­на шыдас бермей еріп, айналасы бір-екі сағаттың ішінде көлшікке айналды.

Қала халқы осыншама қыруар қаржы бөлінген мұз қалашықтың бір күнде еріп кеткенін түсіне алмай дал. Миллиондарды суға ағызғанша, өзге игілікті істерге жұмсауға болмас па еді? Оның үстіне бұған дейін қала әкімінің орынбасары Свет­лана Гладышева жауапты фирма қалашыққа мұз ғана емес, плас­тик пен ағаш материалдарды пайдала­нып жатқанын, ауа райы жылы бол­ған жағдайда қалашықты шаһар тұрғын­дары мен қонақтары емін-еркін қы­зық­тай алады деп сендірген. Сайып келгенде, мемлекеттің қаржысы желге ұшқан жағдаймен тең бұл.

«Мұз қалашығының еріп жатқа­ны жұрттың Жаңа жыл мейрамы ал­дын­дағы жақсы көңіл күйіне кәдім­гі­дей әсер етіп отыр. Ауылдан неме­ре­леріміз келіп, оларды мереке күндері қыдыртамыз деп жоспарлап қойып едік. Естуімше, 50 миллион теңгеден астам ақша жұмсалыпты. Біздің түсімізге кірмейтін қаражат қой бұл. Есіл кеткен қайран ақша? Одан да бұл қаражат жоқ-жітікке, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек ретінде таратылса болмас па еді? Мейрам алдында қамкөңіл жандарды қуантар едік деп ойлаймын», дейді қала тұрғыны Ержан Серіков.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ғизат Смайыловтың айтуынша, мұз қалашық пен сырғанақтарға мер­дігер фирма кепілдік берген. Ал­да­ғы күн­дері құлап, еріп кеткен бөлік­терін қай­та қалпына келтіреді деп сен­діріп отыр. Алайда көп бөлігі су бо­лып ағып кеткен кескіндерді қайта қал­пы­на келтіру үшін жауапты фирма қо­­сым­ша қаражат шығындай қояр ма екен?

Бұған дейін өңірлік экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен антикор қызметінің өкілдері қала билігінің жаңажылдық мейрамға осыншама мол қаржы шығындағанына тексеру жүргізіледі деп мәлімдеген. Ендеше еріп жатқан миллиондардың сұрауы болады деп үміттенеміз.

 

 

Серіктес жаңалықтары