6 маусым – Құрбан айт мерекесі
6 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бұл күн Ислам дініндегі барша қауым үшін тек құрбандық шалу емес, ішкі жан-дүниені тазарту мен рухани жаңғыруды білдіреді.
Бұл мереке – ағайын арасын жақындатып, араздасқан адамдарды татуластыратын, кешірім күні.
Құрбан шалу тәртібі қандай?
Бүгін Құрбан айт мейрамының алғашқы күні. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр немесе түйе малы шалынады. Әр малдың өз жасына қатысты талаптары бар. Қой мен ешкі кемінде бір жаста, сиыр екі жастан, ал түйе бес жастан асқан болуы қажет.
Құрбандыққа шалынған малдың еті үшке бөлінеді. Бір бөлігі өз отбасы үшін қалдырылады, екінші бөлігі туыстар мен көршілерге таратылады, ал үшінші бөлігі мұқтаж жандарға үлестіріледі.
Елорда тұрғындары үшін арнайы құрбандық шалатын орындар бекітілген. Бұл орындарда санитарлық талаптар сақталып, малды дұрыс әрі қауіпсіз жағдайда сою қамтамасыз етіледі. Мамандар тұрғындарға рұқсат етілген арнайы орындарда ғана құрбандық шалуға кеңес береді.