Абай облысының бүкіл медицина мекемелерінде — карантин
Абай облысында қызылша ауруына байланысты медицина мекемелерінде карантин енгізілді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Семей санитария-эпидемиологияны бақылау басқармасы барлық медициналық ұйымдарда карантин белгілеу, ағымдағы дезинфекцияны күшейту, жиі желдету, келушілердің келуін шектеу туралы хат жолдаған.
Соның негізінде Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы тиісті бұйрық шығарып, бүкіл медициналық ұйымдарда карантин енгізілді.
Қазір Абай облысында қызылша бойынша эпидемиялық жағдай тұрақты.
2023 жылдың мамыр айынан бері облыста қызылшаның 75 жағдайы тіркелді.
«Қызылшамен сырқаттанудың бұрынғыдан айырмашылығы — бүгінде диагноз негізінен балалар арасында, яғни барлық жағдайларының 56 пайызы (42 жағдай) 5 жасқа дейінгі балалар екенін атап өткен жөн. Қазіргі уақытта Абай облысында 7 бала мен 3 ересек адам қызылшадан стационарда емделіп жатыр. Ауыр жағдайда жатқандар жоқ. Инфекциялық төсектің 12,5 пайызында науқастар жатыр», — деп хабарлады Абай облысының әкімдігі.